2020 жылдың 21 қаңтар күні Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік басқару академиясының филиалы ғимаратында «Нормативтік-құқықтық актілердің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жасау» тақырыбында семинар өтті.
Семинар спикерлері, Қазақстанда парламентшілікті дамыту қорының президенті, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының штаттан тыс кеңесшісі, Агенттіктің Арнайы Мониторингтік Тобының орынбасары Зәуреш Қабылбекқызы Батталова және Қазақстанда парламентшілікті дамыту қорының Ерікті заңнама институтының ғылыми жетекшісі, Агенттіктің Арнайы Мониторингтік Тобының мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты, адвокат Мереке Тілекұлы Ғабдуалиев тыңдаушыларға нормативтік-құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын жасаудың негізгі қағидалары, жүйесі, техникасы, нормативтік-құқықтық актілер сапасын сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын ережелерден тазарту сияқты сұрақтарға қатысты құнды ақпараттармен бөлісті.
Семинарға тыңдаушылар ретінде жеке нотариустар мен адвокаттар, жергілікті мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ Филиал қызметкерлері қатысты.
Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу әдістемесімен жан-жақты танысты жəне еліміздің одан әрі өркендеп дамуы үшін сараптаманың өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.
Семинар соңында тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.