Сәрсенбі, яғни 2019 жылдың 30 қазанында Жамбыл облыстық нотариаттық палатасының мәжіліс залында “Қазпошта” АҚ Жамбыл облыстық филиалының қызметкерлері және Жамбыл нотариаттық округінің нотариустарының қатысуымен «”Қазпошта” АҚ қызметкерлері хат-хабарларды жеткізу бөлігінде нотариустардың атқарушылық жазбаларды жасауына қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары мен талаптарын практикалық қолдану барысында туындайтын проблемалық мәселелерді талқылау» тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті.
Іс – шараға “Қазпошта” АҚ Жамбыл ОФ атынан “Қазпошта” АҚ Жамбыл ОФ пошта, логистика және өндіріс бөлімінің бастығы Гүлмагиза Ережепқызы Кервенева, “Қазпошта” АҚ Жамбыл ОФ СПО заңгері Алмас Батырханұлы Әлімқұл, “Қазпошта” АҚ Жамбыл ОФ пошта жеткізу бөлімінің бастығы Айман Назарова, сондай – ақ отыздан астам пошта жеткізушісі қатысты.
Жамбыл нотариаттық округінің нотариусы Макулова Кульжан Бауржанқызы жасалған атқару жазбалары бойынша нотариустардың хат-хабарларын жеткізуге қатысты проблемалық мәселелер бойынша баяндама жасады, тапсырысты хаттармен жіберілетін атқару жазбаларын жеткізу бөлігінде нотариустардың көкейкесті сұрақтарын айтты, шақырылған мамандарға түсініктеме берді.
Одан әрі Г.Е. Кервенева сөз сөйлеп, жеткізушілердің жұмыс тәртібін түсіндірді, саладағы проблемаларды айтты, нотариустардың ескертулері ескерілетініне және алдағы уақытта жұмыс тиісті деңгейде қойылатынына сендірді.
Төрағалық етуші Л.К. Сырғабаева нотариустардың іс-тәжірибесінде кездесетін мәселелерді айтып, әкімшілік және тәртіптік сипаттағы шараларды қолдану мен әртүрлі бұзушылықтарды болдырмау үшін шешу жолдарын ұсынды. Мәселелерді талқылағаннан кейін қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.