Ұлы Жеңіске 75 жыл
Ананы баладан, Баланы арка сүйер әкеден айырып, мыңдаған боздақтарды жер жастандырып, жат жердің топырағын жастандырған сұрапыл соғыстың аяқталғанына 75 жыл. 1941 жылы 22-маусымда арайланып атқан таңмен бірге елімізге қара түнек түнерді. Халқымыз адам айтқысыз қиындыққа душар болды. Фашистік Германия елімізге опасыздықпен басып кірді. Иә, сұрапыл соғыс ешкімді аямады. Еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін, таңның атысынан күннің батысына дейін қара жұмысқа жегілді, қаншама әйел жесір, қанша бала жетім қалды. Бірақ үміт оты еш өшкен жоқ. Ақыры олардың үміті мен сенімі ақталды, тілектері орындалды.
Жеңіс… Иә, оны сан миллиондаған адамдар 4 жыл бойы минуттап, сағаттап сарыла күткен жоқпа ?! КСРО – да жүргізілген 1939 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 6,2 миллион адам тұрған. Соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 1 млн. 200 мың қазақстандық шақырылған. Оның 601 мыңы еліне оралмаған. Жерлестеріміз Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін майданның алғы шебінде болған. Солардын бірі, ерлігі кейінгі ұрпаққа аңыз болған Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені тумасы, екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарман қолбасшыларының бірі, еліміздің даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы ағамыз: «Біз майданда белуардан қан кештік. Тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Осының бәрін Отан алдында адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды өтеу үшін істедік» деген еді. Жеңіске жете білу үшін Отан үшін от кешіп талай миллиондаған асыл азаматтар мерт болды. Жауымен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетті, бірақ ешкімнің сағы сынбады. Олардың бойындағы отан сүйгіштік сезім, қолына қару алып, сапқа тұрған көптеген ұлт өкілдерінің тізе қосқан бірлігі мен ерлігі Жеңіске жеткізді. Дүние жүзі халқы бостандық алды. Қаһарман ерлік пен еңбек жеңіп шықты. Зұлымдық, басқыншылық тізе бүкті.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына шақырылған майдангерлердің есімдері жинақталып, тасқа қашалынған, елімізде Ұлы Отан соғысы жылдары Отанын жан – тәнімен қорғаған қазақстандық жауынгерлеріміздің ерлігіне құрмет көрсету, майданда қаза тапқан әр солдаттың ерлігін есте сақтау, қазақстандық әскерлеріміздің бойына отансүйгіш құндылықтарды сіңіріп, жастарды патриоттық сезімге баулу мақсатында 5 ақпан мен 5 мамыр аралығын қамтыған Ішкі істер министрі, полиция генерал – лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бастауымен Ұлттық ұланда Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – жеңістің мұрагеріміз!» атты тамаша эстафета жалғасуда. . Кешегі тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болады. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Біздердің жарқын болашағымыз бен тәуелсіздігіміз жолында майдан кешкен ардагерлеріміздің ерен ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында біздер, Жамбыл облыстық нотариаттық палатасының нотариустары Ұлы Отан соғысының ардагерлерін мерекелерімен құттықтаймыз! Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Құрметпен Жамбыл нотариаттық округінің нотариусы
Жадайханова Альмира Кеңесқызы